“Салтанат” би ансамблі Омбыда

2020 жылдың 28 және 29 ақпанында Омбы қаласының Жасөспірімдер театрының сахнасында, Абай Құнанбайұлының 175-жылдығы мерейтойы аясында, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің концерті өтті.

Омбы қаласының Жасөспірімдер театрының сахнасында Абайдың “Айттым саған Қаламқас” әнін Халықаралық байқаулардың Лауреаты Қуат Ыдырысқалиев орындады. “Салтанат” би ансамблінің балет артистері қазақ билерімен, елімізді мекендейтін көпұлтты халықтардың билерімен және бүкіл әлем халықтарының билерімен Омбы қаласының көрермендерін тамсандырды.

Гастролдік сапар барысында ансамбльдің балет артистері – Раушан Кундукова, Алексей Ковалев, Ернұр Қарықбол, Бекмұрат Анарбаев, Сұңқар Болат және жетекші-ұстаз, “Құрмет” орденінің иегері – Сұлтан Бапов “12 канал” телеарнасындағы “Наше утро” бағдарламасына қатысып, қазақ би мәдениетін насихаттап және сақтап қалу мақсатымен, жергілікті тұрғындарды  қазақстандық мәдениетімен, өнерімен таныстырды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің ұжымы Омбы қаласындағы Қазақстан Консулдығына, Қазақ қауымдастығына, “Хабар-Қазақстан” мен Омбы қаласының “12 Канал” телеарналарына жылы шыраймен қабылдағандарына және ақпараттық қолдау көрсеткендері үшін шын жүректен алғысын білдіреді!