Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі

Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі

Қазақ КСР халық әртісі, Украина КСР-на еңбегі сіңген әртісі Чернышева Лидия Демьяновнаның басшылығымен 1955 жылы Қазақ КСР ән-би ансамблі құрылған. Ұжым Алматы және Киев консерваторияларының, Ленинград және Алматы музыкалық училищелерінің жас түлектерінен тұрған. Ансамбльдің тұжырымдамасымен ұжымның қатысушыларына талаптар қойылды.

Олар ән салып, би билеп қана қоймай, бейбітшілік, достық және ұлттар бірлігінің үлгісі болуы керек болды. Сондықтан, «Сұлулық әлемді құтқарады» деген қанатты сөзді ұран етіп алып, ансамбль ән мен би арқылы өз қызметін жүзеге асырған.

Ұжым алғашқы жылдардың өзінде-ақ бағдарламаларымен әртүрлі фестивалдар мен конкурстарға қатысты. Мәскеу қаласы студенттер мен жастардың Дүниежүзілік фестивалінің жеңімпазы және Дүниежүзілік фестивалінің лауреаты болған.

1967 жылы жоғары орындаушылық шеберлігі және музыкалық, вокалдық және хореографиялық өнерді дамытуда сіңірген үлкен еңбектері үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының Жарлығымен ансамбльге «Еңбек сіңірген» құрметті атағы беріледі.

ҚР халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақ балет əртісі жəне педагог, профессор Зәуірбек Райбаев 1970 – 1986 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік ән және би ансамблінің көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері және директоры қызметін атқарды. КСРО халықтарының бірнеше би бағдарламаларын қойды. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жарлығымен ән-би ансамблі З.М.Райбаевтың жетекшілігімен Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі болып өзгертілді.

Қазақстан Республикасының  «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі
Қазақстан Республикасының  «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі

1989 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен ҚазКСР ән және би ансамблі ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі болып қайта құрылды.

ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің шығармашылық жолының соңғы он бес жылдығы республикадағы қайта құру және демократиялық өзгерістерімен тығыз байланысты. Осы кезеңде әлемдік хореографиялық мәдениетін насихаттауда және қазақ сахна хореографиясында жаңа стильдің дамуында олар негізгі бағыттарын айқындап, ансамбльдің шығармашылығына түбегейлі өзгерістер енгізді.

Ансамбльдің алдындағы бай тәжірибесі бар, сондай-ақ «Гүлдер» ансамблінің белгілі бір дәрежедегі солисті ретінде белгілі, қазақ халық биінің хореографиясының оқыту әдістемесі бойынша жоғары оқу орындарына арналған көптеген басылымдардың авторы, Қазақ КСР халық әртісі Шара Жиенқұлованың үздік оқушысы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мәдениет министрлігінің тағайындауымен көркемдік жетекші және бас балетмейстр болған Орумбаева Гүлсәуле «Салтанат» ансамблінің классикалық би мектептері мен халық би фольклорының синтезінде жетекшілік етіп, шығармашылық үрдісті тез ұйымдастыруға және реформалауға, жаңа стилді қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірді.

Мұндай орасан еңбек Қазақстан халықтары билерінің нағыз әуенін, ішкі қуатын және сұлулығын сахнада көрсетуге мүмкіндік берді.

Қазақстан Республикасының  «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі
Қазақстан Республикасының  «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі

Ансамбльдің 2000-жылдан 2004-жыл аралығындағы еліміздегі және шетелдегі гастролдік сапарлары, Қазақстанның ауылдық жерлеріне сапарлары адамдардың жүрегінен жылы орын алды. Ұжым көптеген басшылықтардың жақсы пікірлері мен алғысына бөленді. Ал 2001-жылдан 2006-жыл аралығындағы ансамбль орта есеппен жылына 3-тен 6-айға дейін болған ҚХР, сондай-ақ Түркия, Ресей, Бельгия, АҚШ елдеріне барған шетелдік гастролдері ұжымның шығармашылық жолдары мен репертуарларының дұрыстығын көрсетті. ҚХР мәдениет министрлігі біздің ұжымға Қытайдың 16-аймағының басшылары қол қойған кәсібилік пен шеберлік үшін үздік деген жоғары атақты сыйлады.

«Салтанат» ансамблінің жыл сайынғы есеп беру концерті Астана және Алматы қалаларында жаңа бағдарламамен өтіп, екі қаланың тұрғындары мен қонақтары алдында үлкен табысқа ие болады. Шетелдік көрермендер мен сыншылар «Салтанат» би ансамблінің концертін тамашалау – бөтен елге барып, оның халқымен танысумен бірдей» деген баға берді. «Салтанаттың» өнері – «нағыз халықтық» өнер. Онда дәстүр мен тарихтың тереңдігі, қазіргі заманның бояуы бар.

Осы жетістіктердің барлығы ұжымның тынымсыз еңбегінің, керемет ынтасының және кәсібиліктің арқасында келді. Шығармашылық дамуының қазіргі кезеңінде «Салтанат» ансамблінің репертуары Қазақстан халықтары билерінің сан алуан бейнесі мен әлем халқының би мәдениетінің алуан түрлігі көрініс тапқан 130-дан аса нөмірді қамтыған.

Педагог-үйретуші, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сұлтан Бапов, Бағытбай Қадышев өздерінің би және педагогикалық үлкен тәжірибелерін балеттің жас әртістеріне үйретіп, күн сайын жастардың қазіргі және алдағы репетуарларындағы билерін өздерінің кәсіби ыждаһаттылығымен, ұқыптылығымен ұштай түсуде. Сондықтан ансамблдің әрбір концерті қайталанбас өнер туындысындай өтеді.

«Салтанат» би ансамблінің балет әртістері шынайы сенімділікпен және өзіндік ерекшелікпен, жоғарғы орындаушылық техникасымен бидің ұлттық бейнесін ашып, таңғажайып бейнелердің жарқын көрінісін көрсетеді.

       «Салтанат» би ансамблінің шығармашылығы және әртістердің, басшылық құрамның және қызметкерлердің жеке шеберлігі бірнеше рет үкіметтік марапаттармен және ҚР мәдениет және ақпарат Министрлігінің марапаттарымен мадақталды. Балеттің он алты әртісі «Мәдениет Қайраткері» құрметті атағына, үш қызметкері үкіметтік марапат – «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісіне, он бес қызметкер  «Мәдениет саласының үздігі» медаліне лайық болды.

       Ансамбльдің шығармашылығы «Салтанат» ансамблінің құрылғанына 50-жыл болған мерейтойында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан, сондай-ақ ҚР Мәжіліс басшыларынан, республиканың көптеген көрнекті саяси қайраткерлері мен өнер қайраткерлерінен, ансамбль жанкүйерлерінен құттықтау хаттарын алған кезде үлкен қуаныш пен құрметке бөленді.

Қазақстан Республикасының  «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі
Қазақстан Республикасының  «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын және әлемдік хореографияның алуан түрлігін толық насихаттай алатын жалғыз кәсіби би ұжымы болып отыр.  

Даралардың салған сара жолын насихаттап, өшпес мұрасын, өнерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатында қазақтың би өнерінде алтын әріптермен есімдері жазылған, Халық әртісі, қазақ­тан шыққан тұңғыш кәсіби балетмейстер, талантты биші Дәурен Әбіров, Халық әртісі, профессор, балетмейстер Зәуірбек Райбаев, балетмейстер Елдос Усиннің  билерін ансамбль көрермен назарына ұсынып жүр.