Солтүстік Қазақстан облысында ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің концерті өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, еліміздің би өнері саласында өзіндік орны мен тұғырлы тарихы бар – Қазақстанның еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі Солтүстік Қазақстан облысына гастрольдік сапармен барып келді. Би ансамблінің 70 жылдығына және 25 қазан Республика күніне, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Би керуені» атты салтанатты концерт жоғары деңгейде өтті.
Петропавл қаласының тұрғындары Алматыдан келген өнер иелерін ыстық ықыласпен қарсы алды. Балет артистері қазақтың ұлттық және әлем халықтарының би қойылымдарын орындап, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Кеш қонағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали «Маңмаңгер», «Гауhар тас» әндерін орындады. Оның шынайы орындау шеберлігі мен әсерлі үні жұртшылықтың зор қошеметіне бөленді.
«Би керуені» жобасы аясында Петропавл қаласында би өнерінің үздіктері қатысқан шеберлік сағаттары өтті. Оған Солтүстік Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен жиналған жас бишілер мен өнер сүйер қауым қатысты. Қатысушыларға арнайы тегін сертификаттар табысталды. Бұл бастама ұлттық би өнерін насихаттап, талантты жастарды қолдауға бағытталған жарқын жобалардың бірі ретінде жалғасады.
«Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 70 жылдығына арналған «Би керуені» атты гастрольдік сапары Бескөл, Явленка, Саумалкөл ауылдарында жалғасын тапты. Бұл кеш көпшілікке ерекше әсер сыйлап, ансамбльдің кәсіби шеберлігін паш ететін жарқын сәттердің біріне айналды. Өнерсүйер қауым ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамбліне өз ризашылығын білдіріп, ұлттық өнерге деген шексіз құрметін көрсетті.
https://www.instagram.com/reel/DQEbzhJCHmL/?igsh=NThwZ2pzZjd1ZTdw

