САЛТАНАТ САНКТ-ПЕТЕРБУРГТЕ!

Республиканское государственное казенное предприятие «Государственный ансамбль» танца Республики Казахстан «Салтанат»

САЛТАНАТ САНКТ-ПЕТЕРБУРГТЕ!

23 қыркүйек күні Ресей елінің мәдени астанасы Санкт-Петербург қаласында “Балтийский дом” театр-фестивалінің сахнасында ҚР “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінің түрлі ұлт арасындағы достық, бірлік пен татулықты насихаттайтын концерті жоғары деңгейде өтті. Бұл ерекше кеште алпысқа жуық өнер шеберлері мен балет артистері қатысты. Ресей елі ансамбльді ыстық ықыласпен қарсы алды.

Сахна шымылдығы Заурбек Райбаевтың “Мереке биі” қойылымымен ашылды.

Даралардың салған сара жолын насихаттап, өшпес мұрасын, өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында қазақтың би өнерінде алтын әріптермен есімдері жазылған, қазақ­тан шыққан тұңғыш кәсіби балетмейстер, ҚР Халық артистері Дәурен Әбіровтің, балетмейстер Заурбек Райбаевтың, балетмейстер Елдос Усиннің алтын қорға енгізілген билері концерттің бірінші бөлімінде сахналанды.

Кешіміздің екінші бөлімі “Азия аңыздары”. Әлем халықтарының билері және қазақтың билері ұсынылды. Орыс, ұйғыр, татар, қытай, өзбек, тәжік, моңғол халықтарының би қойылымдары сахналанды.

Өнерге сүбелі үлес қосып жүрген талантты жас хореографтар Чаросой Джурабаева (Өзбекстан), Искандар Раджабов (Тәжікстан), Гүлсәуле Тәуірханова, Алмат Шамшиев, Санам Аманова, Қуанышбек Төлеген мен Талғат Ахметовтың қойған заманауи би қойылымдарын талғамы биік көрермендер тамашалады.

Кеште ҚР еңбек сіңірген қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері Айгүл Қосанова дәстүрлі өнерді ұлықтап, Мұхит Мералыұлының «Айнамкөз” әнін күміс көмей даусымен шырқаса, күйші, ҚР “Мәдениет саласының үздігі” Рахат Сәрсенов Ресей елінде домбыраның үнін көкке әуелетті, «Шапағат» медалінің иегері, «Ата-Мекен» қазақ диаспорының Президенті Алия Кикенова әннен шашу шашты.

Бұл кештің басты мақсаты – кәсіби тәжірибе алмасу, екі ел арасындағы достық пен мәдени байланысты нығайту. Бұл концерт ұлт пен этнос арасындағы достықты, махаббат пен мейірімділікті, бірлік пен татулықты насихаттай алды.

Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген ансамбль – ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын және әлемдік хореографияның алуан түрлі екенін толық көрсете алатын бірегей би ұжымы екенін тағы да дәлелді.

Кеш соңында көрермендер жылы лебіздерін білдіріп, үздіксіз қол соғып, ерекше құрмет көрсетті. Гастрольдік сапар абыроймен сәтті өтті.

Концертімізді ұйымдастыруға қолдау білдірген, ҚР-ның Мәдениет және Ақпарат министрлігіне және Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург қаласындағы консулдығына, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігіне, Санкт-Петербург Үкіметіне және Санкт-Петербург қаласының Сыртқы байланыстар комитетіне, «Ата-мекен» Санкт-Петербург қазақ ұлттық мәдени автономиясы» өңіраралық қоғамдық ұйымына зор алғысымызды білдіреміз!