1 наурыз – алғыс күніне орай концерт өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және көктемнің шуақты мерекесі 1 наурыз алғыс айту күніне арналған ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің кеші “Конкордия” театрында жалғасын тапты.
Бостандық ауданының әкімдігі қолдау көрсеткен концертті құрметті қонақтар мен ұстаздар, ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы Академиясының курсанттары тегін тамашалап, мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Алматының Бостандық ауданының әкімі Санжар Алин концерттің жоғары деңгейде өткенін айтып, ансамбль ұжымына шығармашылық табыстар тіледі.
Бұл концерт елімізде бір шаңырақ астында тұратын түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірлігі мен шексіз алғысының айқын көрінісін айшықтағандай. Әр би қойылымы халықтың арман-мақсаты, ұлы мұраты мен ертеңге деген нық сенімін көрсетті.
Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық халық аспаптар оркестрінің артисі, күйші Ақылбек Бектасов биыл туғанына 100 жыл толған атақты композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» және “Әлқисса” күйлерін орындап, зор қошеметке бөленді.
Концертті тамашалаған көрермендер би деген жай қимыл-қозғалыс емес, әр елдің салт-дәстүрінен, танымы мен талғамынан хабар беретін ұлы өнер екенін айтты. ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамбліне деген құрмет пен қошеметін ыстық ықыластары арқылы білдірді.
https://www.instagram.com/p/DGqNylqIhtG/?hl=ru
