17 НАУРЫЗ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ САЛТ – ДӘСТҮР КҮНІ!
Тұсау кесу дәстүрі
Қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерінің бірі тұсау кесу дәстүрі! Ұлтымыз балаға, әсіресе бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген халық.
Сәби дүниеге келгеннен бастап, есейген шағына дейін 20 шақты әдет-ғұрып жасалады. Қазақ халқы секілді баланы ерекше қадірлеп, көңіл бөлетін халық жоқ десек те артық болмас. Сол балаға қатысты жасайтын дәстүрлердің бірі тұсау кесу.
Тұсаукесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр. Бала екі табанымен тұрып, алғашқы қадам жасауға талпына бастаған сәтте дана қазақ “баламыз тез жүріп кетсін” деген ниетпен, сәбидің тұсауын кестіріп, думандатын той жасайды.
Дана қазақ баланың тұсауын ала жіппен, малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кестірген. Ала жіппен – бала ешкімнің ала жібін аттамасын, ақ пен қараны ажырата алатын, адал азамат болсын деген ниетпен кеседі. Ал малдың тоқ ішегімен кесу себебі, бала бай, дәулетті азамат болсын деп ырымдауында. Сондай-ақ, бала шөптей қаулап өссін, шөп сияқты көгеріп, көбейіп, көктесін, ұрпақты болсын деп ырымдап, тұсауын көк шөппен кеседі. Бір қызығы, қазақ халқы баланың тұсауын жәйбасар, сүріншек адамдарға кестірмейді екен. Баланың тұсауын жиналған көпшілік арасынан шаруаға икемді, елгезек, қимылы ширақ, іске епті қасиеттерімен көзге түсетін қағылез, пысық адам таңдалып алынып, соған кестіреді.
https://www.instagram.com/p/DHSr7xMIx6-/?hl=ru
