АМАЛ КІРДІ, ЖЫЛ КІРДІ!
Наурыз мейрамы Президенттің бастамасымен жаңаша форматта аталып өтілуде. Бүгін елімізде Наурыз мейрамын тойлау басталып кетті. Амал мерекесі аясында жыл басы – «Көрісу күні» ҚР “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінде де кеңінен аталып өтілді. Ансамбль басшысы Е.Кенжалиев ұжымды мерекемен құттықтап, маңыздылығын атап өтті. Одан бөлек, айтулы шарада “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінде жаңадан құрылған музыкалық фольклорлық топты толықтырып, қазақтың аспаптарын жанына серік еткен өнер иелеріне сәттілік тіледі.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде Наурызнама тұжырымдамасы екі жылдан бері кең ауқымда тойланып келеді. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы елімізде 14 наурыздан
бастап атап өтіледі. Көрісу күнінен бастау алатын мерекелік іс – шаралар 23 наурызға дейін жалғасын табады. Әрбір күн белгілі бір тақырыптық негізге бекітілген. Ең бастысы он күн бойы өтетін салтанат ізгі амалдарға, мәдени сауық кештер мен әдет – ғұрпымызды, салт дәстүрімізді дәріптеуге арналмақ.
Көрісу күнінде халық қыстан аман – есен шыққанына қуанып, бір – бірімен қол алысады. Бұл күні барлық өкпе – реніш ұмытылып, кешіріледі.
Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханға тәттісін үйіп қояды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір – біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман – есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Сонымен қатар әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісіп шығады. Көрісу күні құтты болсын!
https://www.instagram.com/p/DHLWEZCoXJ4/?hl=ru
