Ансамбль репертуары “Рақслар гулдастаси” би қойылымымен толықты

Ансамбль репертуары “Рақслар гулдастаси” би қойылымымен толықты

Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі, талантты биші және хореограф Чаросой Джурабаева мен “Тумор” би ансамблінің солисі, “Мәдениет пен өнердің жанашыры” Еркінбай Дәулетбаевты ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің ұжымы арнайы марапаттады.

“Өзбек биі жоғары сұранысқа ие. Тек маған ғана емес барша өнерсүйер қауымға қатты ұнайды. Елімізде өтетін байқауларда “Өзбек биін” кәсіби деңгейде орындаған қатысушылар бас жүлдеге ие болады. Чаросой ханым мен Еркінбай мырзаға ансамбльдің атынан алғыс білдіреміз! Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін.”- деді ансамбльдің бас балетмейстері, “ҚР мәдениет саласының үздігі” Ақмарал Ілиясқызы.

Педагог-репетитор, “Құрмет” орденінің иегері Сұлтан Бапов жаңа қойылымның ансамбль үшін маңызы зор екенін, артистер қызығушылық танытып, бірден үйренгенін тілге тиек етті.

“Ансамбль үшін ерекше сәт. Екі күн ішінде жаңа қойылымды ұсынған Чаросой Джурабаева мен Еркінбай Дәулетбаевқа мың алғыс. Бүгін репертуарымыздың қатары толықты. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, үлкен мәртебе. Себебі Чаросой ханымның кез-келген биі асқан шеберлікпен, кәсіби деңгейде орындалады. Көрермендердің жүрегінен бірден орын алады. “Азия аңыздарына” енген билердің барлығын халық сүйіспеншілікпен қабыл алды. Алдағы су жаңа қойылымда сөзсіз үлкен сұранысқа ие болары сөзсіз” – деді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлеген.

Труппа меңгерушісі Ақжан Нгимова ұжым атынан ақ тілегін білдіріп, Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі, талантты биші және хореограф Джурабаева Чаросой Хосилжановна мен “Тумор” би ансамблінің солисі, “Мәдениет пен өнердің жанашыры”

Дәулетбаев Еркінбай Жолдасбайұлына сыйлық табыстап, марапаттады.

Осыдан бір жыл бұрын Чаросой Джурабаева өзінің ерекше орындауымен көптің көңілінен шыққан, жоғары бағаға ие болған Өзбек биі — «Хорезм термәләрі» биін ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамбліне арнайы қойған еді. Би қойылымында өзбек халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлері кеңінен насихатталады.

Бұл шығармашылық байланыс екі елдің мәдени байланысын нығайтып, бір-бірінің өнеріне деген құрмет пен достықты арттыра түседі.

«Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің репертуары “Рақслар гулдастаси” атты жаңа би қойылымымен толықты.

https://www.instagram.com/p/DKmtVK8oCmR/

https://www.instagram.com/p/DKpGPmYo1bC/