«БИ КЕРУЕНІ» ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА!
Жетпіс жылдық тарихы бар ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі «Би керуені» атты жоба аясында 70-ші маусымның ең алғашқы гастрольдік сапарын әйгілі А.Жұбановтың туған жерінен бастады. Бүгін Қандыағаш қаласында жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Кештің шымылдығы «Ел салтанаты» би қойылымымен ашылды.
Концерттік бағдарлама аясында ансамбль жоғары деңгейдегі хореографиялық қойылымдарды орындап, көрермендерге ұлттық және әлем халықтарының билерін ұсынды. Бұл кешке мәдениет саласының өкілдері, Қандыағаш қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысты.
”Салтанат” ансамблінің мың бұралған биші қыздары мен жігіттері орындаған би қойылымдары көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Соның ішінде «Шашу», «Көңілді серуен», «Жастық жалын», «Қыз қуу», ұйғыр биі «Долан мәшрап», моңғол биі, орыс биі – «Вензеля», өзбек биі «Хорезм термәләрі», татар биі «Женихи», тәжік биі «Идона» сынды би қойылымдары асқан шеберлікпен сахналанды.
Кешіміздің қонағы Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Жайна Тарғынова халық әні «Ақ ерке» мен Г.Құрманғалиевтің «Әнші дауысы» туындысын орындады. “Дауыс” әншілер ұжымының солисті, әнші Мейірбек Тәжіғұлов Ә.Бейсеуовтің әні «Мұңайма», «Құдаша» сынды халық әнін шырқаса, халықаралық конкурстардың лауреаты Құрманғазы Асылханов “Жаса ақжелең” күйін домбырамен әуелетіп, қошеметке бөленді.
Айта кетейік, қасиетті Мұғалжарда қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, академик Жұбанов Ахмет Қуанұлы дүниеге келген. Саз әлемінде шоқтығы биік Жұбановтар әулетінің Отаны – еліміздің батысындағы құтты мекен саналады. «Би керуені» атты концертіміздің қасиетті өлкеде өтуіне қолдау білдірген Мұғалжар ауданының әкімі Ермағанбетов Дархан Жанысханұлына алғысымызды білдіреміз!
Кеш соңында ұзақ қошемет соғылып, өнерсүйер қауым ризашылығын білдірді.
https://www.instagram.com/p/DPABwotiI2X/
