«БИ КЕРУЕНІ» АРАЙЛЫ АҚТӨБЕДЕ
ҚР еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 70 жылдығына арналған «Би керуені» атты форум аясында мерекелік гала-концерт Ақтөбе қаласында жоғары деңгейде өтті.
Қазақтың және түрлі ұлттың би қойылымдары көрермен жүрегіне жол тауып, салтанатты кештің көркін ашты.
Концертте ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Өмірқұл Айниязов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Жайна Тарғынова ән шырқап, қошеметке бөленді. Домбыра үнімен Ақтөбе аспанын тербеткен – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, күйші Таңат Саденов болды. Оның орындауындағы күй ел жүрегіне жол тартты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жаңадан құрылған фольклорлық ансамбль алғаш рет Ақтөбенің төрінде сахнаға шықты. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі «Құрмет» төсбелгісінің иегері Серік Закария. Фольклорлық ансамбльдің орындауындағы музыкалық композициялар мен балет артистерінің мың бұралған би қойылымдары ұлттық өнердің өміршеңдігін айғақтап, сахнаны сәнге, кеш қонақтарын ерекше сезімге бөледі.
Бұл концертте «Салтанат» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлегеннің арнайы мерейтойға арнап қойған «Айдай сұлу» би қойылымының тұсаукесері өтті.
Кеш соңында Ақтөбелік көрермендер «Салтанат» ансамбліне өз ризашылығын білдіріп, ұлттық өнерге деген шексіз құрметін көрсетті.
Кеш соңында Ақтөбе облысының әкімі Шахаров Асхат Берлешұлының атынан Ықылас гүлі мен алғыс хат табысталды. Облыстық мәслихат төрағасының және “Аманат” партиясы қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы мен Ақтөбедегі Қытай Халық Республикасының Бас консулдығының атынан құттықтау хаттары арнайы құрметпен табыс етілді.