«БИ КЕРУЕНІ» ХРОМТАУДА!

Республиканское государственное казенное предприятие «Государственный ансамбль» танца Республики Казахстан «Салтанат»

«БИ КЕРУЕНІ» ХРОМТАУДА!

ҚР еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі гастрольдік сапармен Ақтөбе облысы, Хромтау қаласына келді. Еңбек күніне орай ұйымдастырылған ауқымды шарада аудан әкімі Тілеумұратов Нұрхан Жасұланұлы құрметті ардагерлерді марапаттады.​ Бұл әсерлі кеш 70 жылдық тарихы бар ансамбльдің «Би керуені» атты концертімен жоғары деңгейде жалғасын тапты.

Сахна төрінде ұлттық болмысымыз бен көпұлтты мәдениетімізді паш еткен түрлі би қойылымдары орындалды. Ансамбль репертуарынан қазақтың ұлттық билерімен қатар, әлем халықтарының би өнері де ұсынылды.

Бұл концертте ел дамуына үлес қосқан әрбір шахтердің, құрылысшының, мұғалімнің, дәрігердің, жүргізушінің, кеншінің еңбегі ұлықталды. Концертте атқан таңмен шахтаға түсіп, әр кеште қаланың отын жаққан жандарға құрмет көрсетілді. Тілсіз құдіретті өнер әр көрерменге қайталанбас әсер сыйлады.

Айта кетейік, биыл Хромтау ауданының құрылғанына 90 жыл толды. Хромтау – еңбектің алтын бесігі, жер қойнауындағы ұлт байлығы тұнған қасиетті мекен. Бұл өлке – табиғаттың қазынасы мен адамзаттың маңдай тері тоғысқан жер. Мұндағы әрбір тас, жердің байлығы ғасырлар сырын бүгіп жатқандай, ал соны игеріп, тіршілікке айналдырған кеншілердің еңбегі зор. Бүгінгі Хромтау – тек өндіріс ошағы емес, мәдениет пен білімнің, жас ұрпақтың арманы мен болашағының қаласы. Мұнда жаңарған мектептер, спорт кешендері, мәдениет үйлері мен гүлденіп келе жатқан көшелер – бәрі де ел ертеңіне деген сенімнің, мақсатты еңбектің көрінісі.

Ансамбльдің 70 жылдық шежіресі – қазақ би өнерінің даму жолындағы ерен еңбек пен үздіксіз ізденістің жемісі. Сол рух пен өнерге адалдық Хромтаудағы мерекелік кеште жарқын көрініс тапты.

Ұлы өнердің биік бәйтерегі саналатын «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің концертінің жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген Хромтау ауданының әкімі Тілеумұратов Нұрхан Жасұланұлына алғысымызды білдіреміз!

https://www.instagram.com/p/DPF6M1-iDqZ/

«БИ КЕРУЕНІ» ХРОМТАУДА!