«БИ КЕРУЕНІ» ПЕТРОПАВЛДА
Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясында ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 70 жылдығына арналған «Би керуені» атты салтанатты концерт жоғары деңгейде өтті.
Балет артистері қазақтың ұлттық және әлем халықтарының би қойылымдарын орындап, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Кеш қонағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали “Маңмаңгер”, “Гауhар тас” әндерін орындады. Оның шынайы орындау шеберлігі мен әсерлі үні жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Жайна Тарғынова да өз өнерін паш етіп, халық әні «Ақ ерке», Ауылға барамын”, “Эзилип Бүттим” туындыларды орындап, зор қошеметке ие болды.
«Би керуені» жобасы аясында Петропавлда би өнерінің үздіктері қатысқан шеберлік сағаттары өтті. Оған Солтүстік Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен жиналған жас бишілер мен өнер сүйер қауым қатысты. Қатысушыларға арнайы тегін сертификаттар табысталды.
Бұл бастама ұлттық би өнерін насихаттап, талантты жастарды қолдауға бағытталған жарқын жобалардың бірі ретінде өз жалғасын табады.
«Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 70 жылдығына арналған «Би керуені» атты гастрольдік сапары Солтүстік Қазақстан облысының шалғай елді мекендерінде жалғасады.
16 қазан 19:00 – Бескөл ауылдық мәдениет үйінде
17 қазан 19:00 – Явленка ауылдық мәдениет үйінде
18 қазан 15:00 – Саумалкөл ауылдық мәдениет үйінде концерт өтеді. Бұл кеш көпшілікке ерекше әсер сыйлап, ансамбльдің кәсіби шеберлігін паш ететін жарқын сәттердің біріне айналмақ.
Көрермендер әлем халықтары мен ұлттық билерден рух алып, мәдениетіміздің жарқын көрінісін тамашалайды.