«ЕЛ САЛТАНАТЫ» АСТАНАДА
Елордада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 70 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Ел салтанаты» атты мерейтойлық концерт Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры сахнасында жоғары деңгейде өтті.
Ұлы өнердің биік бәйтерегі саналатын ансамбль – өнердің, рухани байлықтың, шеберлік пен шабыттың ордасы екеніне көрермендер куә болды.
Мерейтойлық концертте қазақтың ұлттық билерімен қатар әлем халықтарының көркем би қойылымдарын балет артистері кәсіби шеберлікпен орындап, көрермендердің құрмет-қошеметтеріне бөленді.
ҚР Парламентінің сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын ҚР Парламентінің сенат депутаты Амангелді Нұғманов және ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын ҚР Мәдениет және Ақпарат Министрлігінің мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов табыстады.
«Сіздерді қазақ өнерінің алтын діңгегіне айналған «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 70 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Алған құрылған күннен бастап-ақ ансамбль еліміздің мәдеги кеңістігінде елеулі орын алып, төл өнерімізді әлемге таныту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Осылайша, қазақ би өнерінің қара шаңырағы сан ұрпақтың рухани темірқазығына айналып, ұлттық болмысымызбен мәдени құндылықтарымызды би ілінде сөйлете білді» – делінген ҚР Мәдениет және ақпарат министрініңі құиттықтау хатында.
Киелі сахнада кешіміздің құрметті қонақтары Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Қазақ оркестрі, оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, ҚР халық артисі Айтқали Жайымов, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Бірлік» ән және би ансамблі, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Гүлдер» ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Наз» мемлекеттік би театры өнер көрсетті.
Әнші Өмірқұл Айниязов “Жорғатай” әнін шырқаса, Жайна Тарғынова “Ауылға барамын” туындысын, күйші Таңат Саденов “Аққу” күйін Астана аспанында әуелетті.
Кеш соңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігінің атынан Ықылас гүлі, Облыс пен қала әкімдерінің атынан Ықылас гүлі және көптеген өнер ұжымдарының атынан ықылас гүлі мен құттықтау хаттары, сыйлықтар табысталды.

