Ерлік – елге мұра, ұрпаққа өнеге.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің басқармасы мен 97617 әскери бөлімінде 70 жылдық тарихы бар ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 7 мамыр Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған концерті жоғары деңгейде өтті.
Ұлы Отан соғысына қатысып, Ел алдындағы борыштарын өтеп, еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғап қалған Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигелдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сынды батырларымызбен ардагерлеріміздің есімдері ұлықталды. Шараға жиналған көрермендер Отан үшін мерт болған қаһармандардың ерлік рухына бас иіп, 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Кештің шымылдығы ҚазКСР халық артисі, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің ірге тасын қалаушы Заурбек Райбаевтың «Биші қайың» биімен ашылды. Көрермендер тамыры терең ансамбльдің тарихы жайлы кеңінен ақпарат алып, мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы. Бір шаңырақ астында түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тәуелсіз елде тату-тәтті бейбіт өмір сүруде. Бүгінгі кеште қазақтың ұлттық сонымен қатар түрлі ұлттар мен этностар арасындағы достықты, бірлік пен татулықты, бейбітшілікті насихаттайтын әлем халықтарының билері де ұсынылды. Сонымен қатар, әнші Нұржан Құдакелді Матвей Блантердің әніне жазылған «Катюша», Ерген Айтымбетовтың әніне жазылған «Ардагерлер» әнін әуелете шырқаса, Републикалық және Халықаралық конкурстардың лауреаты Әлімқұл Сұлтан қазақтың қара домбырасымен күй шертіп, жиналған қауымға патриоттық рух сыйлады.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің басқармасы мен 97617 әскери бөлімінің атынан ансамбльге арнайы алғыс хат табысталды. Әскер қатарында адал қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеп жүрген әскерлер ризашылығын білдіріп, ыстық ықыластары мен зор қошеметтерін аямады.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің басқармасы мен 97617 әскери бөліміне алғыс айтып, еңбектеріне толағай табыс тілейміз!
https://www.instagram.com/reel/DJZw8kIIoo9/?igsh=a3o2MjV3eDlnNXhp