ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН КОНЦЕРТ ӨТТІ!

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН КОНЦЕРТ ӨТТІ!

70 жылдық тарихы бар ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің Халықаралық би күніне арналған концерті Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтті. Кештің шымылдығы қазақ биінің алтын мұрасы, халқымыздың дәстүрі мен ою-өрнегін, рухани қазынасын айшықтайтын балетмейстер, ҚазКСР халық артисі, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің ірге тасын қалаушы Зауірбек Райбаев Молдағалиұлының «Биші қайың» биімен ашылды.

ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамбліне биыл 70 жыл. Осы айтулы мерейтойға орай, ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінің қолдауымен, директорымыз Елубай Кенжалиевтің бастамасымен фольклорлық-ансамбль наурыз айында құрылды. Бұл кеште би қойылымдары ансамбльдің түрлі аспапта сүйемелдеуімен көрермен назарына ұсынылды.

Орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік, моңғол би қойылымдары арқылы көрермендер әр елдің, түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің мәдениетін тамашалай алды.

Концертте қазақтың әндері мен күйлері де шырқалады. Атақты Есiрдің «Ирең» күйін фольклорлық-ансамбль орындаса,
күйші Сұлтан Әлімқұл Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін көкте әуелетті, халықаралық конкурстың лауреаты Гүлнұр Салбанова ән шырқады.

Халықаралық би күнімен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамы атынан құттықтау адресат табысталды. Киелі сахнада ансамбльді Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Хореография факультетінің деканы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Габбасова құттықтады.

Кеш соңында ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінің атынан ықылас гүлі табысталды. Көрермендер тілсіз құдіретті би өнерін тамашалап, ерекше сезімге бөленді.