МЫҢ АЛҒЫС!
Бүгін Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінде ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және көктемнің шуақты мерекесі 1 наурыз алғыс айту күніне арналған концерті жоғары дәрежеде өтті. Талғам мен сезімнің көрінісін айшықтаған кеште көрермен назарына қазақтың ұлттық билері мен әлем халықтарының билері орыс, тәжік, ұйғыр, татар, болгар, моңғол, өзбек билері ұсынылды. Студенттер мен ұстаздар концертті тегін тамашалауға мүмкіндік алды.
Концерттің негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа өнер арқылы рухани азық беріп, туған жеріне, мәдениетіне деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін ояту, түрлі ұлттар арасындағы достықты нығайту.
Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық халық аспаптар оркестрінің артисі, күйші Ақылбек Бектасов Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындап, көлде жүзген аққудың бейнесіне жан бітірді.
Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры Ержан Итеменұлы жетпіс жылдық тарихы бар тамыры терең, аты аңызға айналған ансамбльге алғысын білдіріп, ансамбль басшысы Елубай Кенжалиевке алғыс хат табыстады.
Кеш соңында Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің атынан ықылас гүлі табысталды.
https://www.instagram.com/p/DGk5ADKoVAG/?hl=ru
