Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл!
Бүгін – композитор, дирижер, КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық қаһарманы Тілендиев Нұрғиса Атабайұлының туған күні.
Дәулескер домбырашы 1925 жылы 1 сәуір күні Алматы облысы Іле ауданында дүниеге келген. Көзі тірісінде 500-ден аса музыкалық туынды жазды. Оның көптің көңіл түкпірінен орын алған «Аққу», «Әлқисса» сияқты күйлері мен «Куә бол», «Есіңе мені алғайсың», «Саржайлау» әндері бүгінде халық әніне айналып кетті. Мұнан бөлек, сазгер «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» көркем фильмдері, бірнеше мультфильм мен деректі фильмге музыка жазған. Ал Тілендиевтің өзі құрған мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі халықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Композитор Н.Тілендиевтің көкірегін кернеген талай ән, талай әуен, талай саз Алматы қаласындағы үйінде дүниеге келген.
70 жылдық тарихы бар ҚР “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінің репертуарында атақты күйші Нұрғиса Тілендиевтің күйіне қойылған би қойылымдары бар. Атап айтсақ, “Аққу” және “Ата толғауы” күйіне қойылған “Асатаяқ” биі. Композитордың өшпес бай мұрасын насихаттау, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз.
