Парижде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы аталып өтті

Республиканское государственное казенное предприятие «Государственный ансамбль» танца Республики Казахстан «Салтанат»

Парижде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы аталып өтті

2025 жылдың қыркүйек айында Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақтың көрнекті күйші-композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Ғасыр әуендері: Тілендиевке тағзым» атты мерекелік концерт өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, дипломатиялық корпус пен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық мәдени мұраның байлығын, көпғасырлық дәстүрлер мен халқымыздың мәдениетін әлемге насихаттау.

Концерт бағдарламасында композитордың танымал туындыларын «Отырар сазы» оркестрі орындады. Ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері – қызы Дінзухра Тілендиева. Сонымен қатар, ЮНЕСКО сахнасында Қазақстанның белгілі әртістері Светлана Айтбаева, Әлішер Кәрімов, Фархат Кубиев, Гауһар Жұмағұлова, Асқар Мұқият, Абай Қойшыбаев, Расул Жармамбетов, Нұрғалым Аманбай, Аягөз Хайруллина, Жұлдыз Байжұма өнер көрсетті. ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің балет артисі Аягөз Хайруллина көркемдік жетекші Қуанышбек Төлегеннің «Аққу» күйіне арнап қойған би қойылымын асқан шеберлікпен Париждің төрінде орындады.

Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы Қазақстан мәдени мұрасының ажырамас бөлігіне айналды. Оның қаламынан 500-ден астам музыкалық шығарма туып, 50-ден астам драмалық қойылым мен 20 көркем фильмге музыка жазды.

Нұрғиса Тілендиев Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, Құрманғазы атындағы халық аспаптары академиялық оркестрінің бас дирижері қызметін атқарды, кейін өзі «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрін құрып, ұжымның көркемдік жетекшісі болды.

https://www.instagram.com/p/DPOy0TgiHVH/