Қазақстанның еңбек сіңірген артистері тәжірибелерімен бөлісті
ҚР «Салтанат» Мемлекеттік би ансамбліне биші, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Тойған Оспанқызы мен Гүлнар Юсупқызы арнайы келіп, 15 қыркүйек қала күніне арналған жаңа би қойылымдарының дайындығын тамашалады. Балет артистеріне сәттілік тілеп, тәжірибелерімен бөлісті. Ансамбль ұжымы би әлемінде қолтаңбасы бар ұстаздармен жақынырақ танысып, алғыстарын білдірді.
«Біріншіден, сіздерді кезекті жаңа маусыммен құттықтағым келеді. Бұл игі дәстүр жыл сайын жалғасын тауып, көрермендерді қуантып келеді. Бүгін «Салтанат» Мемлекеттік би ансамблінің балет залын аралап, өткенді еске түсірдім. Әрине қуаныштымын. Өйткені, менің жастық шағым көз алдыма оралды. Зәуірбек Молдағалиұлы Райбаевпен бірге жұмыс жасап, өнер жолында еңбек еттік. Зымыраған уақыт. Бүгінде Қуанышбек Төлеген сынды шәкірттерімнің жұмысын бағалап, сырттай көріп жүрмін. Жастардан құралған артистердің өнерін тамашаладым. Би бұл жастық шақ. Қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Уақыты келгенде зейнетке шығасың. Мұның барлығы өмір заңдылығы. Біз осы мамандықты жүрек қалуымен таңдадық. Соңына дейін барымызды саламыз, өзімізді аямаймыз, мамандығымыз солай. Жастық шақ өтеді, сахна жастарды талап етеді. Сахна жастармен жарқырайды, гүлдейді. «Салтанат» Мемлекеттік би ансамблі қанатын кеңге жайып, тек биіктен көрініп, игі дәстүрлерді жалғастыра берсін. Кеше қазақ балетінің аңызы Аюханов Болат Ғазизұлын еске алу кешінде ансамбль өнер көрсетті. Менің мерейтойымда да би қойылымдарын ұсынды. «Салтанат» ансамбліне алғысымды білдіремін. Еңбектері бағалана берсін. Әрқашан сахнада қуаныш сыйласын. Көрермендер би қойылымдарына, осы артистерге қарап шабыттанып, ерекше әсер алады. Баршаңызға амандық, табыс, сәттілік, ең бастысы денсаулық тілеймін. Денсаулық болса, өмірде бәрі жақсы болады», – деді профессор Гүлнар Саитова.
14.09.2023