Бүгін Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Президент, ең алдымен, шараға жиналғандарды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады.
«Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Әбіш Кекілбайұлы «Мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы» деген. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Салтанатты шарада балет артисі Азамат Асқаров «Құрмет» орденін иеленді. Марапатты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырды. ҚР “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Серікұлы еліміздің мәдениеті саласының дамуына қосып келе жатқан зор үлесі мен еселі еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің атынан “Алғыс хатпен” марапатталды.
ҚР “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінің ұжымы әріптестеріміз Азамат Асқаров пен Қуанышбек Серікұлын марапаттарымен шын жүректен құттықтайды! Өнердің мәңгі биік шыңында жүріңіздер. Жұлдыздарыңыз жоғары, еңбектеріңіз бағалы болсын.