«Салтанат» би ансамблі тәуелсіздік күніне және Дәурен Әбіровтің 100 жылдық мерейтойына орай концерт берді

Республиканское государственное казенное предприятие «Государственный ансамбль» танца Республики Казахстан «Салтанат»

«Салтанат» би ансамблі тәуелсіздік күніне және Дәурен Әбіровтің 100 жылдық мерейтойына орай концерт берді

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің алда келе жатқан Тәуелсіздік күні мен  ҚР халық әртісі, хореография профессоры, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби балетмейстер Дәурен Әбіровтің 100 жылдығына орай «Тәуелсіздік – тұғырым» атты концерті өтті.

68 маусымның ашылуымен қатар келген ансамбльдің кезекті концерті өнер ошағының іргетасын қалаушы Зәуірбек Райбаевтың «Қазақ өрнектері» атты би қойылымынан бастау алды. Бұл кеш бұрынғыдан өзгерек өтті десек болады. Себебі, 70 жылға жуық өнер ошағының тарихында тұңғыш рет Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен ұлттық және әлем халықтарының билері ұсынылып, дәстүрлі және классикалық әндер шырқалды.

«Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің  әртістері «Қазақ өрнектері», «Шашу», «Сылқыма», «Қос алқа», «Балбырауын», «Биші қайың», «Аққу», «Аса таяқ», «Вальс», «Жастық жалын», «Көңілді серуен», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз қуу», «Ғажайып тылсым», «Жарық», «Ел салтанаты» атты би қойылымдарын тамаша орындап шықты.

ҚР «Мәдениет саласының үздігі», күйші Рахат Сәрсенов Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін нақышында орындап жүрек тербетсе, ансамбльдің балет әртісі Балауса Сылқымбай мың бұралған биімен көрерменді елітті.  Ал музыкалық түрлі аспаптардың ғажайып үнімен үндестік тапқан «Өмір тармағы» биін халықаралық конкурстардың лауреаттары Азамат Асқаров, Арқат Әшірбек, Жанеля Түкеева және Айман Егісбаева жоғары деңгейде ұсынды. Сондай-ақ «Болгар биі», «Молдаван биі», «Моңғол биі» де табиғаты өзгеше туындылар дегеніміз болмаса, өнерпаздардың кәсібилігі арқасында аталған халықтардың мәдениетін қаз-қалпында жеткізді. Нәтижесінде тілсіз өнерді тамашалаған кеш көрермендері әр туынды тарту етілген сайын үздіксіз қол соғып, ұзақ қошемет көрсетумен болды.

Балет әртістерінен бөлек, арнайы шақырылған әншілер де  мерейтойдың көркін қыздырды. Атап айтар болсақ, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепберген, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева мен  Дина Хамзина, ҚР мәдениет қайраткері Есенгелді Ырза, Республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары Венера Алпысбай мен  Нұрғалым Аманбай және Шаттық Уатқан  дүбірлі кештің жоғары деңгейде өтуіне ерекше ат салысты.

«Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің директоры, «Мәдениет майталманы» медалінің иегері Елубай Мұхамбетұлы сөз барысында табиғаты тылсым би өнерінің бүгінгі аяқалысы туралы айта отырып, жастарды отансүйгіштікке шақырды. 

Кешті белгілі тележүргізушілер  Әділет Рахымбай мен Айгерім Үзембаева жүргізсе, Қуанышбек Төлеген көркемдік жетекшісі болды.

Дәурен Әбіровтің мұрагері Камила Әбірова би ансамблінің ұжымын кезекті концертімен құттықтап, алғыс білдіріп өтті. «Бұл кештің  Қазақстан Республикасының Тұңғыш кәсіби хореографы Дәурен Әбіровтың 100 жылдығына арналғаны мені ерекше қуантады»,- деген ол шығармашылық топқа толағай табыстар тіледі.

Қазақ би өнерінде салтанат құрған ансамбльдің мұндай тамаша кеші алдағы уақытта да жалғасын табады.

Nege.kz

20.11.2023 жыл