V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты
Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтті. Шарада заманауи сахналық технологиялар мен мультимедиялық дизайн қолданылған, 2 сағаттық ауқымды музыкалық-театрландырылған қойылым көрсетілді.
ҚР “Салтанат” мемлекеттік би ансамблі жоғары деңгейде өнер көрсетті. Балет артистері дүбірлі додада би қойылымын ұсыну үшін Астана қаласында бір ай уақыт дайындалды.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлеген мен балетмейстер Талғат Рашидұлының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Олар би қойылымын нағыз шоуға айналдыра білді. Бұл шараның жоғары дәрежеде өтуіне атсалысып, тың идеямен жаңа бағытта ауқымды жұмыс атқарды. Салтанатты шараның ашылу салтанатында Қуанышбек Төлегеннің қолтаңбасы қалды.
Ашылу салтанаты дәстүрлі түрде спорт делегацияларының шеруінен басталып, соңында Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің орындауындағы халықтар достығы мен бірлігі туралы музыкалық композициямен қортыланды. Бүгінгі шара көрермендерге сөзсіз ерекше әсер қалдырды. Ұлт пен ұлыстың қазақ еліне деген риясыз сүйіспеншіліктері, еліміздің дамуына атсалысатын белсенділіктері ерекше қуантты.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басты тақырыбы “Ұлы дала дүбірі” ұраны болды. Қатысушылар ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек, садақ ату және халық ойындары сияқты 21 спорт түрінен бақ сынайды. Барлығы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
ВИДЕО :