Қырғызстанда ТҮРКСОЙ ұйымның 30 жылдығына орай мерекелік шара өтті
ТҮРКІСОЙ-дың Мәдениет күндері аясында Бішкектегі Гапар Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық сурет өнер музейінде Түркіменстан, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия суретшілерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Алыкул Осмонов атындағы Қырғызстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттердің кітап көрмесі ашылды.
Алдағы уақытта салтанатты кеш Өзбекстан мен Түркіменстан елінде аталып өтіледі. Ұйымның мерейтойы аясындағы шаралардың екінші кезеңі Әзірбайжан мен Түркияның астанасында жалғасын табады.
ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев түркі халықтарының тілі, діні, тарихы мен мәдениеті бір екеніне тоқталды.
ТҮРКСОЙ-дың Қырғызстандағы Мәдениет күндері түркі әлемі өнер майталмандарының қатысуымен өткен «Біз біргеміз» атты салтанатты концертпен аяқталды. Шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі қатысты.