Жыл қорытындысындағы нәтижелер мен жетістіктер
Жетпіс жылға жуық бай тарихы бар ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі үшін 2025 жыл жақсы жаңалықтарға, жарқын премьералар мен ауқымды жобаларға, гастрольдік сапарлар мен мерейлі белестерге толы, айрықша есте қалар жыл болды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, ансамбль директоры Е.Кенжалиевтің бастамасымен 2025 жылдың 3 наурызында фольклорлық ансамбль құрылып, оның көркемдік жетекшісі қызметіне Закария Серік Ерланұлы тағайындалды. Бұл қадам ұлттық би мен фольклорлық мұраны жаңғырту жолындағы маңызды белеске айналды.
Ансамбльдің 70 жылдық мерейтойы аясында жүзеге асқан «Би керуені» жобасы ел көлемінде үлкен серпіліс тудырды. Түркістан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент пен Тараз қалаларында жоғары деңгейде брифингтер, шеберлік сабақтары, фотокөрмелер мен гала-концерттер ұйымдастырылды. Аталған іс-шараларға өңірлерден 1000-нан астам хореографтар мен бишілер, білім және мәдениет саласының мамандары қатысып, барлығына тегін сертификаттар табысталды.
Алматы мен Астана қалаларында өткен 70 жылдық мерейтойлық гала концерт көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, ұлттық би өнерінің салтанатын айшықтай түсті.
«Салтанат» мемлекеттік би ансамблі өнерсүйер қауымға рухани тарту жасап, би өнерінің қасиеті мен құдіретін паш етті. «Ел Салтанаты» атты бұл кеш өнер тарихында айрықша із қалдырары сөзсіз.
https://www.instagram.com/p/DS8DyAQCFLP/

