ТҮРКСОЙ ұйымының құрылғанына 30 жыл

Республиканское государственное казенное предприятие «Государственный ансамбль» танца Республики Казахстан «Салтанат»

ТҮРКСОЙ ұйымының құрылғанына 30 жыл

        Алматыда халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымның 30 жылдығына орай қатысушы елдер министрлерінің кездесуі өтті.

        Қазақстанға жұмыс сапарымен Өзбекстанның Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, сондай-ақ Түркия, Әзірбайжан және Қырғызстан Мәдениет министрлерінің орынбасарлары Сердар Чам, Мурад Гусейнов пен Қайрат Иманалиев келді.

        Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында салтанатты концерт өтті. Іс-шара ТҮРКСОЙ Бас хатшысы, Қырғызстанның Халық жазушысы Сұлтан Раевты II дәрежелі “Достық” орденімен марапаттаудан басталды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды.

        Концерттік бағдарлама аясында сахнада Қазақстан мен басқа да ТҮРКСОЙ елдерінің артистері өнер көрсетті. ҚР Мемлекеттік “Салтанат” би ансамблі мың бұрала билеп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Кеште еліміздің көрнекті өнер және мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері болды.

“ТҮРКСОЙ-дың 30 жылдығы – бүкіл түркі әлемі үшін маңызды оқиға. Сондықтан, ең алдымен, Алматыға осы атаулы күнді мерекелеуге келген әріптестеріме алғыс айтамын. Осы уақыт ішінде біз бауырлас халықтармен мәдени және рухани байланыстарды нығайттық, ауқымды жобаларды жүзеге асырдық, тәжірибе және білім алмастық. Бұл үдерістердің басталуы Қазақстанда қаланғаны біз үшін ерекше маңызды”, – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

ТҮРКСОЙ – түркі халықтарының ортақ материалдық және мәдени ескерткіштерін сақтау, дамыту және болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатын көздейтін халықаралық ұйым. 1993 жылы Алматыда құрылған. ТҮРКСОЙ құрамына 6 мемлекет кіреді: Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түрікменстан және Өзбекстан.

ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдық мерейтойына орай, алдағы уақытта мерекелік іс-шара Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан елдерінде жалғасын таппақ. Аты аталған шарада ҚР Мемлекеттік “Салтанат” би ансамблі Ташкент, Бішкек, Ашхабад қалаларында өнер көрсетеді.