Би қанатында: «Салтанат» би ансамблі халықаралық би күніне орай арнайы концерт өткізді

Республиканское государственное казенное предприятие «Государственный ансамбль» танца Республики Казахстан «Салтанат»

Би қанатында: «Салтанат» би ансамблі халықаралық би күніне орай арнайы концерт өткізді

«Алатау» дәстүрлі өнер  театрында ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің халықаралық би күніне орай «Би қанатында» атты махаббат пен мейрімділікті, бірлік пен татулықты, бейбітшілікті насихаттайтын концерті өтті.

Кештің шымылдығы  балетмейстер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің ірге тасын қалаушы Зәуірбек Райбаевтың «Қазақ өрнектері» атты би қойлымымен ашылды.

29 сәуір халықаралық би күні. Бұл мереке 1982 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның шешімімен тарихқа «заманауи балеттің негізін қалаушы» ретінде енген, хореографиялық өнердің реформаторы және теоретигі, балетмейстер Жан-Жорж Новердің туған күнінде атап өтіледі.

Концертте «Жастық жалын», «Шашу», «Балбырауын», «Қос алқа», «Қайран жиырма бес», «Татар биі», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» балетінен адажио,  «Болгар биі», Еврей биі», «Ғажайып тылсым», «Грек биі», «Мейірім», «Ел салтанаты» атты би қойылымдарын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің  артистері орындап шықты.

Халықаралық конкурстардың лауреаттары Куат Идрискалиев Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Сағындым сені» әнін орындап, Айман Егисбаева мың бұралған биімен халықтың қошеметіне бөленді. Бұл ерекше әсерге толы кешті тележүргізуші Әділет Рахымбай  жүргізді. «Ғажайып тылсым» биін халықаралық байқаулардың лауреаттары Аркат Әшірбек пен Жанеля Тукеева жоғары деңгейде орындап шықты. Арнайы қонақ болып өнер көрсеткен халықаралық конкурстардың лауреаты  «Сармат» би ансамблі «Бала ойыны», «Мое вдохновение» би қойылымдарын көрермен назарына ұсынды.

ҚР «Мәдениет саласының үздігі», күйші Рахат Сәрсенов  КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындаса, Шара Жиенқұлова атындағы VІ Республикалық қазақ биі байқауының дипломанты, ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің балет артисі Балауса Сылқымбай биледі. ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Күмісай Байтілеуова «Көкайдай» әнін шырқады.

Айта кетейік, қазақ халқының биін әлемге таныту ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің қазіргі басты мақсатының бірі. Қазақтың ұлттық биімен қатар, түрлі ұлт пен этнос арасындағы достықты, махаббат пен бейбітшілікті дәріптеген әлем халықтарының биі де шығармашылықтың үлкен бір шоғырын құрайды. Ансамбль гастрольдік сапармен Түркия, Ресей, Бельгия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Франция, Әзірбайжан  елдеріне  барып, қазақ халқының ұлттық өнерін, дәстүрін, халық биі мен әлем халықтарының билерін паш етті.           Кеш көрермендері әрбір би қойылымдарына жоғары бағасын беріп, шын көңілмен қошеметтеп, кеш соңында ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамбліне жылы лебіздерін білдірді.