Ташкентте ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығы аталып өтілді

Республиканское государственное казенное предприятие «Государственный ансамбль» танца Республики Казахстан «Салтанат»

Ташкентте ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығы аталып өтілді

 «Өзбекстан» халықаралық форумдар сарайында  ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығына арналған салтанатты шара мен концерт өтті.

Шараға ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Өзбекстан Мәдениет және туризм министрі Озодбек Назарбеков, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Әзірбайжан Мәдениет министрі Әділ Керимли, түркі мемлекеттерінің әдебиет және мәдениет саласының өкілдері, қоғам қайраткерлері, ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі, өнер иелері, БАҚ қызметкерлері қатысты.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің ТҮРКСОЙ ұйымының құрылғанына 30 жыл толуына байланысты құттықтау хатын Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Хайриддин Султанов оқып берді.

ТҮРКСОЙ-дың 30 жылдығына орай ұйымға мүше елдердің ұйымдастыруымен түрлі шаралар жоғары деңгейде өтті. Мерекелік шара 9 маусымда Алматы қаласында басталып, 13 маусымда Қырғызстан астанасы Бішкекте, 19 маусымда Өзбекстанның астанасы Ташкентте жалғасын тапты.

Өзбекстанның қолданбалы өнер тарихы және қолөнершілер Мемлекеттік музейінде ТҮРКСОЙ-дың 30 жылдығына арналған «Түркі әлемі суретшілері» көрмесі ашылды, сонымен қатар түркі әлемі халықтарының ұлттық тағамдарының гастрономиялық көрмесі ұйымдастырылды.

– ТҮРКСОЙ ұйымы түркітілдес елдер арасындағы достық пен өзара түсіністіктің нығаюына септігін тигізді. Мәдениет саласы да қарқынды дамып келеді. Осы уақытқа дейін маңызды жобалар жүзеге асып, ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас нығая түсуде. Бүгінде ТҮРКСОЙ түркі халықтарының басын біріктіретін алтын көпірге айналды, – деді Өзбекстанның мәдениет және туризм министрі Озодбек Назарбеков.

  «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы түркі мемлекеттерінің бірлестігі мен интеграциясының өзегі болған беделді мекеме болып табылады. Оның басты міндеті түркі халықтарының рухани жақындасуына және бауырластық бірлігін нығайтуға, түркі әлемінің бай мәдени мұрасын сақтауға және таныстыруға бағытталған.

Түркітілдес елдердің өнер ұжымдары, өнер майталмандары мен ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің қатысуымен өткен салтанатты шара концерттік бағдарламамен аяқталды.

19.06.2023